SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда алдағы бірнеше жылда тұрғын үй бағасының төмендеуі екіталай. Бұл туралы Үкімет отырысында Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.
Отбасы банк басқарма төрайымының айтуынша, тұрғын үй нарығындағы бағаға ең алдымен демографиялық фактор әсер етіп отыр. Оның сөзінше, 2000 жылдардың басында елде туу көрсеткіші айтарлықтай артқан.
«2000 жылы туған жастар қазір 26–27 жасқа келді. Олар енді тұрғын үй нарығына белсенді кіріп жатыр. Соның салдарынан сұраныс өте жоғары», — деді Ибрагимова.
Банк басшысы тағы бір маңызды фактор ретінде жаңа отбасылар санының өсуін атады. Қазақстанда жыл сайын шамамен 120–130 мың неке тіркеледі.
«Жас отбасы құрылған кезде алғашқы мақсаттардың бірі — пәтер сатып алу», — деді ол.
Ибрагимованың айтуынша, дәл осы демографиялық үрдіс алдағы жылдары да жылжымайтын мүлік нарығына ықпал ете береді.
«Бағаның өсуі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ баға төмендейді деп айту қиын. Нақты айта алатыным — арзандау болмайды», — деді банк төрайымы.
Оның сөзінше, қайталама тұрғын үй нарығында баға бір деңгейде сақталуы ықтимал. Ал жаңа баспананың құнына құрылыс материалдарының бағасы мен саладағы еңбекақы деңгейі әсер етеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда коммерциялық ипотеканың қолжетімділігі артуы мүмкін екені туралы ақпарат жарияланған болатын.
RUS